Павлодарлық Алматыдағы пәтердің біріне қауіпті АТС орнатқан (ВИДЕО)

Автор: Молдатай Сымбат

Ол алаяқтықпен айналысқан

Фото: видеодан скриншот

Алматыда полиция пәтерлердің бірінен АТС (автоматты телефон станциясы) тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Павлодардан келген 30 жастағы азамат ұсталды. Оның жалға алынған кеңсесінен SIM-картаға арналған 512 слоты бар SIM-box жабдығы, сондай-ақ 1620 SIM-карта табылып, тәркіленді.

«Тәркіленген заттар арқылы интернет-алаяқтар әр түрлі интернет қызметтер мен мессенджерлерді жасырын пайдаланады. Сонымен қатар ол аккаунтарды тіркеуге қолданылады, алаяқтар басқа елде бола тұра қазақстандықтарға қоңырау шала алады. Ұсталған азамат осы жабдықты орнату және қосу, сондай-ақ слоттардағы SIM-карталарды ауыстырудан тұратын жұмысқа келіскенін айтты. Күдіктінің сөздері ҚР ҚК-нің 213-бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында мұқият тексеріледі», - деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Мақсат Қанапяев.

ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.