Алматыда студент үйлерін қандала басып кеткен

Автор: Azattyq Rýhy

Қоғамдық кеңес мүшелері студент жатақханаларын аралаған кезінде көптеген мәселелердің бар екенін анықтады деп хабарлайды Informburo.kz сайты.

Рейд барысында 4 жатақханаға тексеріс жүргізіліп, көптеген студенттер үйінде бөлме жиһаздарының тозып кеткені, жағдай жасалмағандығы анықталды. Тексерістер Алматы қаласы тауарлардың қауіпсіздігі және сапасын бақылау департаментіне хабарланғаннан кейін басталған.

«Ең сорақы жағдай Satbayev University жатақханасында анықталды. Барлық жиһаздар, төсек жабдықтары ескі. Шкафтардың есіктері сынған, есіктері де жоқ. 3 адамдық бөлмеге 5-6 студент жайғасқан. Жертөледегі бөлмелерді бөгде әйелдің жалға алуы фактісі анықталды. Алғашында оқу орны қызметкерлері ол әйелдің сол университетте жұмыс істейтінін айтқан болатын. Алайда оның бөлмені 7000 теңгеге жалға алып келгені және оқу орнында жұмыс істемейтінін анықтадық»,-деп мониторинг тобының мүшесі Нұрлан Жазылбеков мәлімдеді.

Сондай-ақ, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ студенттері қандаланың шағып, адам денсаулығына зиян тигізіп жатқанына шағымданды. Жатақханадағы жастардың туберкулез ауруына шалдығып жатқаны да рейд кезінде мәлім болды. Қажетті тұрмыстық техникалардың да жоқтығы, ғимараттағы лифтердің істен шығуы сияқты өзекті проблемалар анықталып, прокуратураға шағым ретінде жіберілді.