Түркияда қазақстандықтар мінген шағын автобус аударылып кетті

Автор: Молдатай Сымбат

Бұл туралы жергілікті БАҚ жазып жатыр

Фото: Аnterhaber.com

Түркияда ірі жол-көлік апатынан туристер зардап шекті. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, жарақат алған 13 туристің қатарында қазақстандықтар да бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аnterhaber.com жазуынша, оқыс оқиға 8 тамызда болды. Ресейлік және қазақстандық туристерді тасымалдаған шағын автобус жол апатына ұшырады.

«Апат бүгін таңертең сағат 07:00 шамасында Милас пен Бодрум арасындағы тас жолда болды. Жүк көлігі ресейлік және қазақстандық туристер отырған шағын автобуспен соғысқан», - делінген басылымның хабарламасында.

Апат орнына жедел жәрдем, полиция, өрт сөндірушілер келген.

Басылымның хабарлауынша, 13 турист Милас ауруханасына жеткізілген. Жергілікті полиция жол-көлік оқиғасы бойынша тергеуді бастады.

Милас – Бодрум әуежайынан 10 км қашықтықта орналасқан, Мугла провинциясының құрамына енетін аймақ.

ҚР консулының ақпараты бойынша, отандастарымыздың жағдайы жақсы, медициналық көмек қажет емес. Олардың барлығы қазір қонақ үйде, - деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.