Криптовалютамен 615 млн теңге заңсыз табыс тапқан астаналық кәсіпкер сотталды

Молдатай Сымбат

Ол 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды

Криптовалютамен 615 млн теңге заңсыз табыс тапқан астаналық кәсіпкер сотталды
Фото: istockphoto.com

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты аса ірі мөлшерде табыс алумен ұштасқан, заңсыз кәсіпкерлік жасады деп айыпталған кәсіпкерге қатысты істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Сотталушы «Астана» халықаралық қаржы орталығынан цифрлық активтер саласында қаржылық қызметтер көрсетуге лицензия алмастан, цифрлық активтер айналымы бойынша қызметке тыйым салынғанын анық біле отырып, 2022 жылғы қыркүйектен бастап 2024 жылғы ақпанға дейінгі кезеңде 615 375 063 теңгеге USDT криптовалютасын сатып алған. Оны одан әрі айырбастау пунктінің айналым қызметінде пайдаланып, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді қолма-қол ақшаға айырбастау жөніндегі заңсыз қызметті жүзеге асырған. Осылайша, аса ірі мөлшерде табыс тапқан», - делінген ақпаратта.

Сотталушының кінәсі куәгерлер айғақтарымен, мамандар қорытындыларымен және қылмыстық іс бойынша басқа да материалдармен дәлелденді.

Прокурор айыпты қолдап, мүлкі тәркіленіп, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәсін ішінара мойындады.

«Сот жас балаларының болуын жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімімен А. ҚК-нің 214-бабы 2-бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 2 жылға бас бостандығынан айырылды», - делінген сот үкімінде.

Сондай-ақ, сотталушы 5 жыл мерзімге қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымына байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Одан 615 375 063 теңге мөлшерінде заңсыз алынған табыс және мемлекет кірісіне өндірілген соманың 3% мөлшерінде мемлекеттік баж өндірілді.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.