Экология министрі комиссия құрылғанын хабарлады
Атырау мұнай зауытының маңында құстардың неден қырылып жатқанын анықтау үшін комиссия құрылды. Бұл туралы бүгін үкіметтегі брифингте Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Аққулардың өлімі расталды. Атырау зауытының аумағында 6 аққу мен 40-тан астам құстың өлексесі табылды. Қазір комиссия құрылып, оған облыстың ветеринарлық қызметінің өкілдері кірді. Ауа мен судан сынама алып, сараптамаға жібердік. Осы сараптама аяқталған соң құстардың неден қырылғаны белгілі болады», - деді Нысанбаев.
Оның айтуынша, комиссия сараптаманың қорытындысын келесі апта жария етуі мүмкін.