Ақтөбе облысында жарты миллион теңге бопсалаған 5 адам ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Күдіктілерге қатысты тергеу амалдары басталды

Фото: видеодан скриншот

Ақтөбе облысында жарты миллион теңге бопсалаған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полицияға Ақтөбе тұрғыны бопсалау дерегі бойынша арызданған.

«Тергеп-тексеру барысында ауданның бірінде жәбірленушінің көлігі бұзылған кезде оған белгісіз адамдар келіп қорқытып, ұрып-соғу арқылы ақша талап еткені анықталды. Күдіктілер автокөліктен арнайы киімнің 13 жиынтығын алып кетіп, оларды қайтару үшін 500 мың теңге талап еткен», - деп хабарлады ПД.

Арнайы бөлімше жауынгерлерінің қатысуымен жедел іс-шараларды өткізу барысында Ақтөбе облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Хромтау қаласының бес тұрғынын анықтап, ұстады. Заттай айғақтар тәркіленді.

Бопсалау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктілердің бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды.