Қазақстанда кәрі де, жас та Елдос Сметовтің жеңісіне қуанып жатыр
Париж Олимпиадасында дзюдодан алтын медаль иеленген Елдос Сметовтің жарысын барша Қазақстан тамашалады. Сметовтің тарихи жеңісіне жас та, кәрі де қуанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елдос Сметовтің Париж төріндегі жеңісі көптің көңілін босатты. Бұл алтын спортшы үшін де, жанкүйерлері үшін де көптен күткен жеңіс болды. Себебі спортшы осыған дейін 2016 жылы Рио Олимпиадасында күміс, 2021 жылы Токио Олимпиадасында қола медаль қанжылаған еді. Бұл париж олимпиадасындағы тұңғыш алтын медаль болғандықтан да, халықтың шабытын оятты.
Елдос Сметовтің жеңісін теледидардан тамашалап, жанкүйер болған ағайынның әсері - бөлек құбылыс болды. Желіде тараған видеоларға қарап, Елдос Сметов шынымен де халықтың адамы екенін байқауға болады.
Мәселен, мына қария Олимпиададағы Сметовтің жарысын ескі теледидарының алдында отырып тамашалаған. Оның видеосы қазір әлеуметтік желідегі көңіл босатар сәттердің біріне айналды. Бұл видеоның астына пікір жазғандардың бірі чемпион Елдос Сметовке осы қарияға теледидар алып беріңізші деп өтінген. Бірақ, көпшілік осы қарияны іздеп тапса, өздері-ақ су жаңа теледидар алып беруге дайынбыз деп жазған. Белгілі болып отырғандай, бұл жанкүйер Шығыс Қазақстан облысы, Үлкен Нарын ауылының тұрғыны болып шықты. Azattyq Rýhy тілшісі қазір қариямен байланысуға тырысып жатыр.
«Атаға тез арада смарт теледидар керек екен. Елдос, атамызға теледидар алып берші. Жанкүйер ата күш беріп отыр. Тоқсаныншы жылдар еске түсіп кетті. Атаға теледидарды мен алып берейін», - деп жазған видеоны көрген адамдар.
Тоқсан жастағы тағы бір қария Елдос Сметовтің жеңісін телефоннан тамашалап отырып, көзіне жас алған.
Сондай-ақ жеңіс сәтіндегі қазақстандықтардың эмоциясы көпті елжіретті. Мектеп оқушысының жеңіс сәтінен кейін әкесін құшақтап жылап жіберген видеосы да әлеуметтік желіде тез таралып жатыр.
Елдос Сметовтің көршілері де Олимпиада чемпионының шаңырағында жиналып, жеңіске бірге қуанған. Дереккөзіне сүйенсек, Сметовтің шаңырағына көршілерінің бәрі жиналған.