«Нәрестенің не кінәсі бар»: Талдықорғанда сотталған бухгалтердің бірі – жас ана
Ол 7 жылға сотталды

Талдықорған қаласы білім бөлімінің және мектептерінің 21 бухгалтері 4,5 миллиард теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды.
Олардың бірі – 2 айлық баланың анасы. Журналист Сандуғаш Дүйсенова нәрестенің анасына қатысты сот шешімімен келіспейтінін жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоғарғы Соттың мәліметі бойынша, білім бөлімінің басшысы 3 жылға жуық уақыт ұрлықпен айналысқан әріптестер тобын басқарған. Оның құрамына бөлімнің 7 бухгалтері және 14 мектеп есепшісі бар.
Журналист және блогер Сандуғаш Дүйсенованың айтуынша, сотталған есепшінің бірі – Дана Шәріпованың 2 айлық баласы бар. Нәресте анасының омырау сүтіне мұқтаж.
«4,6 млрд теңге жымқыру ісі бойынша сот аяқталды. Талдықорған білім бөлімінің бас бухгалтері 15 жылға бас бостандығынан айырылды!
Ал баланың анасы 7 жылға сотталды! Сізде жүрек жоқ па?» - деп жазды ол.
Айта кетейік, сотталғандардан 3 млрд теңгеден астам ақша, зергерлік бұйымдар, жылжымайтын және жылжымалы мүлік тәркіленді.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.