Қазірге дейін суға ағып кеткен 8 малдың өлексесі табылды
Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Қордай ауданында болған селден 700-ге жуық мал басының суға ағып кеткені туралы ақпаратты қайта терістеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2024 жылғы 17 шілдеде Қордай ауданының Бетқайнар, Қақпатас ауылдық округтерінде сағат шамамен 18.30-да басталған дауыл және қатты жаңбыр салдарынан таулы жерлерде су тасыды. Нақтылау шаралары кезінде «Береке» шаруа қожалығының 671 бас ұсақ малы мен 10 бас жылқысы суға ағып кеткені бойынша ақпарат расталмады. Қазіргі таңда ағын су салдарынан 6 бас ешкі, 1 қой, 1 бұзаудың өлексесі анықталды. Қосымша зерделеу, анықтау жұмыстары жалғасуда», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ жеке аула аумақтарын, сондай-ақ тұрғын үйлерді су басу фактілері тіркелмеген, 10-15 үй мен қора жайдың шатыры ұшқан.
Қатты желден Соғанды, Беріктас ауылдарында ағаштар құлап, газ құбырлары сынған, жарық өшкен. Қазір бригадалар жіберіліп, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Газға, электр қуатына қосу жұмыстары бүгін аяқталалмақ.
Сонымен бірге, «Соғанды-Бетқайнар» автожолындағы ағын судан бүлінген көпірге бекет қойылып, жол жүру қамтамасыз етілді.
Қатты дауылдан зардап шеккен 3 адам ауруханаға жеткізілді, 1 науқастың жағдайы ауыр, 2-і үйіне қайтарылды.
Бұған дейін Қордай ауданының Бетқайнар ауылында дауылды күні үстіне қора құлаған 18 жастағы жігіттің ауыр жағдайы туралы жазған едік.