«Тартып кетті»: оралдық жеткіншектің өліміне себеп болған құбыр иесі табылмай жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

4 шілде күні Дерқұл ауылында 12 жастағы Аман Сейфолла қайтыс болды 

Фото: Мейрамгүл Есетова

Оралдық 12 жастағы Аман Сейфолланы тартып әкеткен су соратын қондырғының иесі әлі табылған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Astana.tv» мәліметінше, шенеуніктер құбырдың қожайынын анықтау үшін «Жайық-Каспий бассейні» инспекциясына хат жолдапты.

Жеткіншектің құбырға кептетілген денесі Деркөл өзенінен шығарылған болатын. Өрімдей өреннің өлімінен кейін қылмыстық іс қозғалса да, өзеннен су соратын құрылғының жұмысы әлі тоқтатылмапты.

Ал Аманның қайғыдан қан жұтқан анасы дәл осы қондырғыдан бес-алты жыл бұрын тағы бір баланың денесі табылғанын айтады.

Көктемгі су тасқынынан кейін тұрғындар осы маңайды жиі үйірсектейді. Өйткені басқа жер шомылуға жарамсыз. Солай деген шенеуніктер мұнда суға түсуге болмайтынын айтса да, ескерту белгісі жоқ. Орнында жарнама тұр.

«Балалармен баратын. Ағасы да баратын еді. Осы жолы бармай қалып тұр ғой, бірге шықпай тұр. Шыдай алмай артынан барған. Келгенде үлгіре алмай тұр ғой ағасы. Жүзу білетін бала негізі. Жақсы жүзеді. Тек насосқа тап болғаны болмаса. Насос ұстап қалмаса аман қалатын еді балам», - деді Аманның анасы Мейрамгүл Есетова.

Су астындағы құбырға жұтылған Аманды құтқарып алуға ұмтылған ересектердің де күші жетпеген. Кейін көмекке келген төтеншеліктердің өзі құбырды арнайы құрылғымен кесіп, баланың денесін құрсаудан шығарыпты. Бірақ бұл кезде бәрі де кеш еді.