Алматыдағы «Есентай» сауда орталығының туннеліндегі сорғы станциясы дұрыс жұмыс істеп тұр

Автор: Azattyq Rýhy

Әкімдіктің дерегінше, су сору станциясы сауда орталығының балансында  

Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыдағы Каменск үстіртінде жарты сағаттың ішінде жауын-шашынның қалыптан тыс мөлшері жауып, «Есентай молл» сауда орталығындағы жерасты автомобиль туннелі су астында қалғаны белгілі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, жауын шашын көлемі орташа айлық нормадан едәуір асқан.

«Сағат 18:30-дан бастап әл-Фараби даңғылындағы (Ж.Үшкемпіров көшесінің қиылысы) жаңбыр суы арық желісіне сыймай, даңғылдың жол бөлігіне қарай арнасынан шықты. Сағат 19:00-ден бастап нөсер жауынның суы әл-Фараби даңғылының жол бөлігіндегі көлік айрығының шығыс және батыс бұрылыстарына, сондай-ақ «Есентай» сауда орталығының қарама-қарсы бағытындағы жерасты жаяу жүргіншілер өткеліне жайылды», - деп хабарлайды әкімдік.

Полиция қызметкерлері осы аумақтағы көлік құралдарының қозғалысын шектеген.

«Бұрын соңды болмаған нөсерлі жауыннан  көлік айрығының сорғы станциясының автомат құрылғылары істен шықты. Айта кетейік, сорғы станциясы «Есентай» СОО-ның балансында және ол автоматты емес. Қазір сорғылар дұрыс жұмыс істеп тұр. Туннельдерден су сору жұмысы қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Жұмыстарға қаланың коммуналдық қызметтері мен құтқару қызметінің арнайы су сорғыш техникасы мен мотопомпалары қосылған», - деп хабарлайды әкімдік.

Жаңбыр жауа бастаған сәттен су тасқынының алдын алу және оны жою, судың кедергісіз ағуын қамтамасыз ету үшін мотопомпа, багр және басқа да шанц құралдарын пайдаланған 42 жедел мобильді бригада кезекшілікке шыққан. Аудан әкімдіктерінде жұмыс өндірісін бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік өтіп жатыр.

«Қазгидромет» РМК болжамы бойынша ертең түстен кейін күн  +29...+31 дейін ысып, арагідік жаңбыр жауады.