«Бірақ» телебағдарламасы татуластыруға тырысқан жұп ажырасып кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Әйел 18 жыл некеде тұрмыстық зорлықтан зардап шеккен

Фото: видеодан скриншот

18 жыл некеде тұрмыстық зорлық көрген әйелдің тағдыры жайлы қазақстандықтар мемлекеттік «Хабар» арнасындағы «Бірақ» бағдарламасынан білді. Тікелей эфирде студияда ерлі-зайыптыларды бағдарлама қатысушылары мен жүргізушілері татуластыруға тырысты.

Алайда, тікелей эфирде тиран күйеуімен жүздесіп, ауыр психологиялық соққы алған әйел ақыры ажырасуға арыз берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы «Қорғау-Астана» дағдарыс орталығының басшысы Анна Рыль хабарлады.

Үйленгеніне 18 жылдан асқан әйелдің алты баласы бар. Күйеуі қолын сындырғанда ол балаларымен Шымкенттен Астанаға қашып кеткен. Уақытша баспанада тұрып, жұмыс істеген. Агрессор оны тауып алып, жанжал шығарғандықтан, ақыры әйел қолдау көрсету орталығынан пана тапқан.

«Кешегі күн жақсы жаңалықпен аяқталды! Гүлмираны ажырасу рәсімінің аяқталуымен құттықтаймыз. Сонымен қатар наурыз айында біз алимент өндіру туралы талап арыз бердік, сот шешімі бойынша сома әр балаға небәрі 10 000 теңге болды. Алимент өндіру туралы шешім заңды күшіне әлдеқашан енді. Бірақ әлі күнге дейін алимент алынбады. Соның өзінде біз мәселені еңсердік! Қандай жағдай болса да, уайымға салынбаңыз. Сізді қолдайтын адам қашан да табылады», — деп жазды Анна Рыль.

Айта кетерлігі, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны қолдау тапқан жұртшылық пен дағдарыс орталығы ток-шоу авторларының әрекетін сұмдыққа балады.

Жанжалдан кейін ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аиба Балаева ток-шоудың жабылғанын айтып, ұлттық телеарна, оның ішінде мемлекеттік саясатты түсіндіретін арна бұған жол бермеуі тиіс екенін атап өтті.