Қазақстанда жыл басынан бері 13 бала терезеден құлаған

Автор: Azattyq Rýhy

1-28 сәуір аралығында 7 оқиға тіркелген

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда жыл басынан бері 13 бала терезеден құлаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР ІІМ ТЖ комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«1-28 сәуір аралығында республикада көппәтерлі тұрғын үйлердің терезесінен балалардың құлауының 7 оқиғасы тіркелген. Онда 2-8 жас аралығындағы 5 бала ауруханаға жатқызылды. Оқиға Қарағанды (3), Павлодар (1), Жамбыл (1) және Нұр-Сұлтан (2) қалаларында болған. Жыл басынан бері көппәтерлі тұрғын үйлердің терезесінен 13 бала құлаған. Оқиға Қарағанды (3), Нұр-Сұлтан қ. (3), Павлодар (2), Алматы қ. (2), Батыс Қазақстан (1), Ақтөбе (1), Жамбыл (1) облыстарында тіркелді», - деп жазылған Комитет таратқан хабарламада.

Комитет өкілдері осындай ТЖ-ны болдырмау үшін терезені ашық қалдырмау керек екенін ескертеді. Сонымен қатар баланы қараусыз қалдырмауға, әсіресе терезелер мен шыны есіктердің жанында ойнамауға кеңес береді.

«Баланың терезе астына кірмеуі және төмен түспеуі үшін терезе жанына жиһаз қоймаңыз. Балаларға қауіпсіздік сабақтарын үйретіңіз», - дейді ТЖК өкілдері.