Қылмыстық іс қозғалды
Елордада асыл тұқымды итті ұрлаған сәт бейнежазбаға түсіп қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицияға қала тұрғыны хабарласып, белгісіз біреу оның Спаниель тұқымды итін ұрлап кеткені туралы ақпарат берген.
Астаналық сақшылар тұрғынның үй жануарымен серуендеп келе жатып, итін кіреберістегі темір торға байлап дүкенге кірген сәтін бенебақылау камерасынан байқаған. Ит иесі дүкеннен шыққан сәтте итінің орнында жоқ болғанын аңғарған.
«Байқоңыр аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында бұрын ұрлық қылмысы бойынша іс қозғалған 48 жастағы қала тұрғынын ұстады. Бейнежазбада көрсетілгендей, қаскүнемнің итті белгісіз бағытқа қалай алып кеткені, кейінірек ақша табуды ұйғарып, оны белгісіз жас жұбайларға сатқаны да белгілі болды», - дейді полиция.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оның елордада осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.