Арасында үш бала бар - Алматыдағы автобус апатынан 25 адам жарақат алды

Автор: Темірхан Айжан

22 адам ауруханаға түскен

Фото: t.me/almatynews_kaz

Алматыдағы жантүршігерлік автобус апатынан зардап шеккендер саны 25 адамға жетті. Олардың арасында үш жасөспірім бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«N18 автобустың қатысуымен болған жол-көлік апаты салдарынан 25 адам зардап шекті. Өкінішке қарай, жедел медициналық қызмет келгенше бір адам қаза тапты. Екеуіне сол жерде медициналық көмек көрсетіліп, амбулаторлық емдеуге жіберілді. Зардап шеккен қалған 22 адам қалалық ауруханаларға жеткізілді, бәрінің жағдайы орташа ауыр», - деп хабарлады Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасынан.

Басқарманың хабарлауынша, зардап шеккендер арасында 14, 15 және 16 жастағы үш жасөспірім бар. Олардың жағдайы орташа ауыр. Бір баланың тізесі мен іші көгерген, екіншісінің мұрын сүйегі ішінен сынған, үшінші баланың оң аяғы сынған.

Қазір науқастар қажетті ем-дом мен тексеруден өтіп жатыр. Содан кейін кімге стационарлық ем қажет екені, кімнің тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық емделуге жіберілетіні белгілі болады.

Барлық науқасқа қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіледі.

Еске салсақ, Алматы қаласы Мақатаев және Масаншы көшелерінің қиылысындағы үлкен жол апаты кезінде бір адам қаза тапты.