Шымкентте есірткі зертханасы жойылды

Автор: Azattyq Rýhy

10 келіге жуық мефедрон синтетикалық есірткі және 2 тонна көлемдегі прекурсорлар тәркіленді

Фото: istockphoto.com

Шымкенттегі «Бозарық» шағын ауданында орналасқан жеке үйде синтетикалық есірткі дайындау зертханасы анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аталған мекенжайды тінту кезінде зертханалық құрал-жабдықтар, прекурсорлар және өткізу мақсатында заңсыз дайындалған аса ірі көлемдегі синтетикалық есірткі заттары анықталды.

«Шамамен 10 келіге жуық мефедрон синтетикалық есірткі және 2 тонна көлемдегі прекурсорлар тәркіленді. Аса iрi мөлшерде есірткі заттарды өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, өткізу фактісі бойынша ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды», - деп хабарлады прокуратура.

Шымкент қаласының прокуратурасы азаматтарды бей-жай қалмауға және мұндай фактілер анықталған жағдайда, дереу 102 нөміріне хабарласуға шақырады.