Қажылықта қаза тапқандардың саны 1301 адамға жетті

Автор: Темірхан Айжан

Меккеда күн 51,8°C дейін ысыған 

Фото: freepik.com

Меккеде қажылық рәсімін орындау кезінде кем дегенде 1301 адам қаза тапты. Олардың көбі аптап ыстықта ұзақ жол жүріп, заңсыз келгендер, деп хабарлайды Azattyq Rýhy BBC – ге сілтеме жасап.

Биылғы жылы қажылық уақытында күннің ыстығы 50°C-тан асқан. Сауд Арабиясының SPA ресми ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша, қаза тапқандардың төрттен үшінен астамының қажылық жасауға рұхсаты болмаған, олар шақырайған күннің астында жүрген. Агенттік қайтыс болғандардың кейбірі егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдар екенін хабарлады.

Денсаулық сақтау министрі Фахд аль-Джаладжелдің айтуынша, жарты миллионға жуық қажыға медициналық көмек көрсетілді.

Сауд Арабиясы қажыларға қажетті жағдай жасамағаны үшін, әсіресе заңсыз барғандарға  кондиционері бар шатырлар мен көлік бермейтіні үшін сынға ұшырады.

Сауд Арабиясының ұлттық метеорологиялық орталығының мәліметі бойынша, Меккедегі температура 51,8°C дейін көтерілген.

AFP ақпарат агенттігінің хабарлауынша, 658 мысырлық, 200-ден астам индонезиялық қайтыс болған. Ал Үндістан 98 азаматының қаза тапқанын хабарлады.

Пәкістан, Малайзия, Иордания, Иран, Сенегал, Судан және Ирактың автономиялық аймағы Күрдістан да өлім-жітім болғанын растады. 

Сауд Арабиясының ресми мәліметі бойынша, биыл қажылыққа шамамен 1,8 миллион адам келген.