Астанада дүкеннен қымбат иіс суларды ұрлаған күдікті ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде

Фото: Астана қалалық ПД

Астанадағы дүкендердің бірінен брендтік иіс суларды балалар арбасына салып алып шыққан ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елордалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Полицияға сауда желісінің өкілі жүгініп, белгісіз біреу бутиктен иіс сулар мен косметика ұрлағанын, осылайша 350 мың теңгеге жуық шығын келтіргенін айтып арызданған.

«Есіл» ауданы полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен 42 жастағы қала тұрғынын анықтады.

«Тергеу барысында ер адамның сол жақ жағалауда орналасқан сауда-ойын-сауық орталығындағы косметика бутигіне келгені белгілі болды. Ол сауда залында клиент кейпінде тауарларды қарап жүріп, бірнеше брендтік иіс су мен әр түрлі косметикаларды балалар арбасына салып дүкеннен шығып кеткен. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ер адам мойындау көрсетпелерін берді, оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде», - делінген хабарламада.