«Майқайыңалтын» кенішінде құмға батып кеткен адамдарды іздеу жалғаса ма

Автор: Темірхан Айжан

Әрінов құтқару жұмыстарын қайта бастау үшін дайындық жүріп жатқанын айтты

Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов «Майқайыңалтын» кеніші шахтасының маңындағы шұңқырға құлап кеткен автобус ішіндегі екі жолаушыны іздеу жұмыстары қашан жанданады деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әрінов құтқару жұмыстарын қайта бастау үшін дайындық жүргізіліп жатқанын айтты.

«Құтқарушыларға қауіп төнгендіктен құтқару жұмыстары тоқтағанын білесіздер. 13 мамырдан бастап дайындық басталды, оның ішінде тау-кен жұмыстары, құлаған топырақтың солтүстік-шығыс бөлігіндегі орнын кеңейту жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Құтқарушыларға қолайлы жағдайлар жасалғаннан кейін іздеу жұмыстары қайта басталады», - деді ол.

Бірақ министр құтқару шаруаларының нақты қай уақытта, қай айда жанданатынын айта алмады.

Еске салайық, 2024 жылы 4 қаңтарда Павлодар облысындағы Майқайың кеніші шахтасының маңында төрт жолаушысы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кеткен болатын. Апат кезінде онда төрт адам болған. Дәл сол күні екеуінің денесі табылды. Майқайың шұңқырына құлаған тағы екі адам әлі табылған жоқ. Бір айдан кейін құтқарушылардың өміріне қауіп төнгендіктен құтқару жұмыстары тоқталды.