Сарбаздың анасы ұлының кіші сержанттан таяқ жегенін айтқан
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Отар ауылындағы әскери бөлімде мерзімді қызметін өтеп жатқан сарбаздың комаға түсуіне қатысты анасының әлеуметтік желілерде жариялаған үндеуімен танысты. Бұл туралы Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мемлекет басшысы болған оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеп, кінәлі адамдарды жазалауды талап етті. Президент Қорғаныс министріне армияда мұндай жағдайға жол бермеу қажет екенін ескертіп, тергеу амалдарын бақылауға алуды тапсырды», - деп жазды ол.
Бұдан бұрын Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылындағы №30212 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген 19 жастағы сарбаз Нұржігіт Әбділпаттаның жансақтау бөлімінде жатқаны мәлім болды. Анасының айтуынша, ұлының кіші сержант ұрған болуы мүмкін. Ал әскерилер Нұржігітке «ешкім тиіспегенін айтып», ақталған.