«АзияКредит Банк» салымшылары депозиттегі ақшасын ала алмай жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Елімізде екінші деңгейлі банктердің саны азаюы мүмкін

«АзияКредит Банктің» салымшылары өз ақшаларын ала алмай жүр, деп хабарлайды КТК телеанасы. Қаржы ұйымы жарты жылдан бері клиенттеріне ақша беруді тоқтатқан. Салымшылар пайыздық мөлшерлемесі жоғары болған соң, осы банкте жинақ шотын ашқан. Алайда, қаржы ұйымы қараша айынан бері бір тиын бермей отыр.

 «2016 жылы «Азия Кредит Банкінен» депозит ашқанмын. Себебі, баламыз мүгедек болып туғандықтан, отбасымызбен жиған-тергенімізді сол баланы емдеуге жинақтағанбыз. Енді қазір ақша керек уақытта, шетелге апарып операция жасауға «АзияКредит Банк» бізге ақша бергісі келмейді», - дейді банк клиенті Бекежан Қайырнасов.

Бұл банктің 10 қалада бөлімшелері бар. Бірақ, карантинге байланысты олар жабық тұр. Сондықтан, салымшылар ақшасын кімнен дауларын білмейді. Алматы тұрғыны Светлана Абраменко депозитке ірі көлемде қаржы салған. Айтуынша, оны қызына пәтер алып беруге жинаған.

«Бұл банктен ақшамды ала алмай жүргеніме жарты жыл болды. Алғашында жаңа жылға дейін барлық мәселе шешіледі деген. Алайда қаңтарда хабарлассам, біздің банкте қайта құру жүріп жатыр, әзірге ақша шешу мүмкін емес деді. Осылай алдап келе жатқандарына 6 ай болды»,- дейді ол.

Азия Кредит пен Капитал банк бірігіп, қайта құрылады деген де ақпарат тарады. Банк басшылығы алып-қашпа әңгімеге қатысты қандай да бір ақпарат бергісі жоқ. Ұйымды қазір Қаржылық қадағалау агенттігі тексеріп жатыр. Олардың қандай шешімге келетіні алдағы аптада белгілі болады. Айта кетсек, күні кеше Тенгри банктің салымшылары да ақшаларын ала алмай шу шығарған. Аталған қаржы ұйымына жағдайды түзеуге айдың соңына дейін уақыт берілді.