Өскеменде екі жігіт Үлбі өзеніне құлап кеткен қызды құтқарып қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Бойжеткен ағаш бұтақтарына ілініп қалған

Фото: ТЖД

Өскемен қаласында ағыны қатты Үлбі өзеніне құлап кеткен 18 жастағы бойжеткенді екі жігіт құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті екі қала тұрғыны суға батқан қызға көмек көрсетіп, ерлік жасағанын хабарлады.

Ыстық күнде салқындап алғысы келген 18 жастағы бойжеткен жаяу жүргіншілер жолағынан Үлбі өзенінің жағасына қарай төменге түскен. Кенет тепе-теңдікті ұстай алмай, суға құлап кеткен. Көмек сұраған дауысты жақын жерде тұрған Дәурен Тоқтағанов пен Жаңасбек Пермабек естіп қалған.

«Олар еш абдырамай, тез көлікке отырып, өзеннің қарама-қарсы жағалауына жетіп алды. Содан соң төменге қарай түсіп, суда ағаш бұтақтарынан ұстап тұрған қызды көреді. Жаңасбек өзенге кіріп, қызды судан тартып алып шығып, Дәуреннің қолына берді», - делінген ақпаратта.

Осылайша, екеуі бойжеткенді құтқарып қалған. Қазір қыздың жағдайы жақсы.