Ол есірткі қылмысы үшін бұрын сотталған азамат болып шықты
Алматы облысы Іле ауданындағы «Қазпошта» АҚ бөліміне шетелден косметикалық бұйымдар түрінде жасырылған салмағы 777,4 грамм есірткі өнімі каннабис экстракты (гашиш майы) салынған жөнелтілім қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржылық мониторинг агенттігі аса ірі көлемдегі есірткі контрабандасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде.
«Жөнелтілімді қабылдаушы есірткі өнімдерінің заңсыз айналымы үшін бұрын сотталған азамат болып шықты. Оның тұрғылықты жері бойынша тінту барысында есірткі қолдануға арналған құрылғылар, қолданылған ине, зип-пакеттер және т.б. заттар табылды», - деп хабарлады ҚМА.
Аталған азамат сот шешімімен қамауға алынды, тергеу амалдары жалғасады.