Атырауда төтеншеліктер 8 айлық сәбиді өрттен аман алып қалды
Балаға алғашқы медициналық көмек көрсетілді

Атырауда көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінен өрт шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақжайыққа сілтеме жасап.
Өрт сөндіру бөлімшесі шақырту орнына санаулы минуттарда жетіп, 6 қабатты тұрғын үйдің 6 қабатында орналасқан пәтерді түтін басқанын анықтады.
Құтқарушылар пәтер есігінің сыртынан құлыпталуына байланысты азаматтық қорғау сержанты Б. Саясатовтың басқаруындағы автосатының көмегімен терезе арқылы бөлмеге өтіп, пәтерде кішкентай баланың бар екенін анықтады.
Азаматтық қорғау аға сержанты А. Құрманиязов 8 айлық сәбиді түтіннен қорғау үшін қалың көрпеге орап, пәтерден алып шықты. «Апаттар медицинасы орталығының» қызметкерлері баланы тексеріп, алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Құтқарушылардың жедел іс әрекетінің нәтижесінде жанудың өртке ұласуына жол берілмеді.
Зардап шеккендер жоқ.
Аталған шақыртуға Атырау облысы ТЖД 10 қызметкер 3 бірлік техника және «АМО» ММ 3 қызметкер, 1 бірлік техника қатысты.