Көші-қон ережелерін бұзған 605 шетелдік елден шығарылды

Автор: Azattyq Rýhy

387 қазақстандық азамат оларға заңсыз жұмыс берген

Фото: istockphoto.com

387 қазақстандық азамат шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көші-қон саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 3 маусымнан бастап елімізде «Заңсыз келуші – 2024» операциясы жүргізіліп жатыр. Операцияның үш күнінде көші-қон заңнамасын бұзудың 5,5 мыңға жуық дерегі тіркелді. Оның ішінде шетелдіктердің елде болу мерзімдерін бұзу, елден шығудан жалтару және заңсыз жұмыс істеу бойынша құқық бұзушылықтар бар.

«Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін 387 қазақстандық жұмыс беруші жауапқа тартылды. Негізінен жұмыс берушілер жұмысқа алу бойынша рұқсатты рәсімдеуден жалтарады, ал жұмысшыға құқық бұзушылықтар туралы хабарланбайды. Мұндай фактілердің басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалаларында және Маңғыстау облысында анықталды», - делінген ақпаратта.

Көші-қон ережелерін бұзған 605 шетелдік елден шығарылды. Олар енді бес жыл Қазақстанға кіре алмайды.