Алматы қаласы Спорт басқармасының қызметкерлері 56 млн теңге жымқырды – Антикор
Спорт басқармасы іс жүзінде жұмыс істемейтін адамдарға жалақы жазған
Алматы қаласы Спорт басқармасы және оның ведомстволық бағынысты ұйымының қызметкерлері 56 млн теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде иемдену және ысырап ету фактісі бойынша Спорт басқармасы мен Олимпиадалық резервті даярлау орталығының бұрынғы қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Олар іс жүзінде еңбек қызметін жүзеге асырмаған адамдарға жалақыны есептеу және төлеу арқылы 56 млн теңгеден астам ақша жымқыру бойынша күдікке ілінді. Тергеу жалғасуда», - делінген хабарламада.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.