Астаналық қыз әлеуметтік желідегі танысының шотынан ақша жымқырған

Автор: Azattyq Rýhy

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есен

Әлеуметтік желідегі танысының шотынан ақша жымқырған астаналық қыз анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полицияға қала тұрғыны жүгініп, оның шотынан ақша ұрланғанын айтып арызданған.

«Ол әлеуметтік желі арқылы 22 жастағы елордалық қызбен танысқанын айтты. Біраз уақыт онлайн хат алмасудан кейін, ол бикешті жеке кездесуге шақырған. Кафеде басталған отырысты жастар қонақүйде жалғастырған. Таңертен ер адам ұйықтап жатқан кезде, қаскүнем оның шотынан 640 мың теңгені басқа шотқа аударып, бөлмеден қашып кеткен», - делінген ПД ақпаратында.

«Есіл» ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде қызды анықтады. Ол кафеде шот төлеу кезінде жігіттің банктік қосымшасындағы құпия кодты көріп алғанын мойындады.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, қыздың елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталады.