Бүлдіршін ата-анасының қарауынсыз қалған
Шығыс Қазақстан облысында үш жасар бала Уланка өзеніне батып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы оқиға 2 маусым күні Ұлан ауданының Жанұзақ ауылында болды.
ШҚО ТЖ департаментінің ақпаратынша, Уланка өзенінде 2021 жылы туған бала батып кеткен. Алдын ала болжам бойынша ол ата-анасының қарауынсыз қалған.
Облыстық ТЖД ата-аналардан балаларын көзден таса қылмауды сұрайды. Балаларды су айдындарына ойнауға жібермеген жөн.
Естеріңізге сала кетейік, өткен демалыста Қызылорда облысында екі жасөспірім Сырдария өзеніне батып көз жұмды. 9-сыныптың оқушылары жабдықталмаған жерде шомылған.