Табиғатта кәуап жеген алматылықтар 1,5 миллион теңге айыппұл төлеуге мәжбүр

Автор: Azattyq Rýhy

Олар ерекше қорғалатын табиғи аумақта өрт қауіпсіздігін бұзған 

Фото: polisia.kz

Табиғатта кәуап пісіріп жеген алматылық туристерге 1,5 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy.

Алматы ТЖД қызметкерлері Іле-Алатау МҰТП қызметкерлерімен бірлесіп рейд жүргізді. Нәтижесінде өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзған ондаған демалушы анықталды. Мамыр айының басынан бастап Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінде от жаққаны үшін төрт заң бұзушыға 1,4 миллион теңге айыппұл салынды.

«28 мамырда МҰТП аумағында Бостандық ауданы ТЖБ қызметкерлері Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінің, табиғат қорғау полициясының қызметкерлерімен бірлесіп патрульдеу кезінде ұлттық табиғи парктің аумағында от жағу фактісі анықталды. 30 жастағы ер адам жастармен бірге рұқсат етілмеген жерде кәуап дайындау үшін от жаққан», - делінген қалалық ТЖД ақпаратында.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы өрт қауіпсіздігі мен санитарлық ережелердің талаптарын бұзу (ҚР ӘҚБтК 367 - бабы) Жеке тұлғаларға-100 АЕК (369 200 теңге), лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға-250 АЕК (923 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатынын еске салды.