Алматыда ең көп індет жұқтырған 30 жасқа дейінгі тұрғындар

Автор: Azattyq Rýhy

Қалада індет жұқтырғандар 700-ге жуықтады

Алматы қаласындағы коронавирус инфекциясына қатысты қазіргі жағдай ушығып тұр.  Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин бүгін өткен брифинг барысында қалада коронавирус жұқтырғандардың жас ерекшеліктеріне тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Вирусты жұқтырғандардың жас шамасы:

14 жасқа дейінгілер – 21 адам,

15-19 жастағылар – 43 адам,

20-29 жастағылар ‒ 212,

30-39 жастағылар ‒ 129,

40-49 жастағылар ‒ 116,

50-59 жастағылар ‒ 115,

60 және одан жоғары жастағылар – 42 адам.

Адам құрамы бойынша: 

1. Студенттер – 40,

2. Мектеп оқушылары ‒ 15,

3. Басқа елден келгендер ‒ 38,

4. ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының курсанттары ‒ 67,

5. Авиация қызметкерлері ‒ 2,

6. Зейнеткерлер ‒ 40,

7. Жұмыс істемейтін адамдар ‒ 55,

8. Жұмыс істейтін адамдар ‒ 42,

9. Медицина қызметкерлері – 383.

Қалада науқастармен байланыста болған 12 420 адам анықталды, олардың ішінде 2 247-і жақын қарым-қатынаста болған және 10 мыңнан астамы қатынаста болуы ықтимал адамдар.

Он төрт күндік стационарлық карантинге 1 388 байланыста болған адам оқшауланды, үй карантині режимін сақтап жатқандар саны  — 7 500 адам.

Індет жұқтырғандардың контингентіне ерекше тоқталған Жандарбек Бекшин студенттердің көбейгеніне қынжылды. Қалада барлығы 693 адам коронавирусқа шалдықса, тең жартысы медицина қызметкерлері. Алматының бас санитар дәрігері ең даулы Қалалық орталық клиникалық ауруханасында індет ошағы жойылғанын айтты. Бұл медициналық мекемеден 11 сәуірден бері 263 адамның COVID-19 жұқтырғаны белгілі болды. Жалпы, Алматыда 212 инфекция ошағы қоршауға алынды. Олар шаһардың барлық аудандарында кездеседі.   

«Өкінішке қарай, біз жоғарыдағы медициналық мекемеге көп назар аударып отырмыз. Біздің әріптестеріміз де, яғни санитар дәрігерлер арасында да бұл дертті жұқтырғандар бар. Олардың саны – 7 адам. Олар алдыңғы шепте, инфекция ошағында жұмыс істеп жүріп ауруға шалдыққандар», - дейді Ж. Бекшин. 

Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Ораза ұстауға ниеттенген тұрғындарға кеңес берді. Ауызашар ретінде туыстарға немесе жақын адамдарға азық-түлік, дайын тамақ өнімдерін жіберуге болмайды. Қажеттілік болғанда жеткізу қызметіне жүгінуге болады. Азық-түлік ауа кірмейтін, герметикалық қаптамаларда болуы тиіс дейді дәрігер. Ал діни мейрам күндері туған-туыстарды шақырып, үлкен топпен жиын өткізуге болмайды, ауызашарды отбасы мүшелерімен өткізген абзал деген  кеңес береді.   

Ришат Асқарбекұлы, Алматы