Тарақан мен тышқан қаптаған колледж: Астанада студенттер шағым жасады

Автор: Темірхан Айжан

Бейнежазбада айтылғандай, бөлменің құны -  әр адам басына 10 мың теңге

Фото: скриншот

Астанадағы колледждің жатақханасын тарақандар қаптаған. Студенттер тіпті тышқандардың жосып жүретінін айтып, шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Желіде тараған видеожазбаның авторы тарақандар өріп жүрген бөлмені көрсетіп, оны Астана кәсіптік-техникалық колледждің жатақханасы екенін айтады.

«Мен Астана қаласының кәсіптік - техникалық колледжіне шағымданамын. Жатақханада тарақандар бар деп айтқан едік. Олар улаймыз деген болатын. Біз әр адам бөлмеге 10 мың теңгеден төлеп тұрып жатырмыз. Тарақандар төсегімізде қаптап жүр. Кейбір адамдар қышымаға шалдықты. Олар бізді «қышыманы қайдан жұқтырсаңдар, сонда барыңдар» деп қуып шықты. Мұнда тышқандар да өріп жүреді, өте көп», - дейді бейнежазба авторлары. 

Azattyq Ruhy оқиғаның мән-жайын анықтау үшін колледж әкімшілігі мен Астана қаласының білім басқармасына хабарласып жатыр.