Алматы облысында саудагерлер бас көтерді (ФОТО)

Автор: Azattyq Rýhy

Базар басшылығы олардан жалдау ақысы мен коммуналдық қызмет ақысын талап еткен

Іле ауданы Боралдай кентінің саудагерлері базар басшыларының талабына қарсылық білдіру үшін жиналып, бас көтерді деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. «Алатау» базарының әкімшілігі базар жұмыс істемесе де, саудагерлерден мамыр айының жалға алу ақысын талап еткен.

«Базар әкімшілігі бізден алдағы мамыр айының жалға алу ақысының 50%-ын төлеңдер деді. Мынадай уақытта біздің оған шамамыз келмейді. Карантин әлі біткен жоқ, әрі алдағы айда базардың ашылуы немесе жабық болуы әлі белгісіз», - деді атын айтқысы келмеген жеке кәсіпкердің бірі.

Базардың алдына наразылық білдіру үшін келген халықты төтенше жағдай тәртібіне қарамаста, әкімшлік офиске жинады. Саудагерлердің сөзінше, бір орынды жалға алудың ең төменгі құны 100 мың теңге екен. Оның сыртында коммуналдық қызмет ақысы тағы бар. Ал істемей тұрған базар үшін жалдың ақысын төлеу ақылға еш қонымсыз дейді олар.

«Аренданың минималды ақысы жүз мың теңге. Біз жұмыс істемесек те сәуір айының арендасын толық төледік. Бізден енді мамыр айы үшін тағы ақша талап етіп, елу мың теңге төлеңдер деп жатыр. Төлемеу үшін наразылығымызды білдіруге келдік», - деді Дана Қоскелдинова есімді саудагер. «Коммуналдық қызмет бар. Оныңда жартысын төлеңдер дейді. Жақпаған жарық, көрсетілмеген қызмет үшін неге біз ақы төлеуіміз керек? Әкімшілік базардың қожайынына хабарласып, соның шешімін бізге айтатын болды», - деді ашулы саудагердің бірі.

Базардың әкімшілігі ақпарат беруден бас тартып, төтенше жағдай кезінде халықтың жиналуына түрткі болған жағдайды түсіндіргісі келмеді. Ал Боралдай кенті әкімдігінің хабарлауынша, «Алатау» базары – аудандағы ең ірі сауда орындарының бірі. Үкіметтің қаулысына сәйкес, киім-кешек және құрылыс сататын орындар сәуір айынан бері жабық.

«Базар әкімшілігінің әрекеті орынсыз. Олармен сөйлесеміз. Қиын кезде табысынан айрылған мұндай адамдарға Үкімет көмектесіп жатқанда, кәсіпкерлерді бұлайша қинау қисынсыз. Жүзден астам саудагер бар. Карантин кезінде халыққа Үкімет те, жергілікті әкімдік тарапынан да көмек көрсетіліп жатыр. Оларды ашуландыру дұрыс емес. Базар түгел жабылған жоқ. Азық-түлік жағы мен дәріханалар ашық. Солармен жұмыс істей тұрса да болар еді», - деді Алматы облысы Іле ауданы Боралдай кентінің әкімі Данияр Қоңырбаев.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы