Риддердегі жалғыз қазақ мектебінің жағдайы қалай

Автор: Темірхан Айжан

Риддерде 12 орыс мектебі бар 

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Қазақ тіліндегі мектептер саны көңіл көншітпей тұр. Шығыс Қазақстан облысындағы ірі қалалардың бірі Риддерде бар болғаны жалғыз қазақ мектебі бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұған дейін педагог, қоғам белсендісі Ақмарал Шатемірқызы әлеуметтік желіде «Риддер қаласында соңғы қазақ мектебі жабылып, уәделескен жаңа мектеп қазақ емес, аралас болып ашылған. Қалада бірде-бір қазақ мектебі жоқ» деп жазған еді.

Редакция Шығыс Қазақстан облысының білім басқарамасына хабарласып, қалада қанша қазақ мектебі бар екенін анықтады.

«Риддерде барлығы 16 мектеп бар. Оның біреуі қазақ, қалған 12-сі орыс мектебі және 3 аралас тілді мектеп бар»,- деп жауап берді басқарамадан.

Мекеме қызметкерінің айтып отырған жалғыз қазақ мектебі –  «Шаңырақ» көп бейінді мектеп-гимназиясы». Бұл білім ошағының төңірегінде біраз шу болған. 2023 жылы мектептің апатты жағдайда тұрғанын айтып ата-аналар шағымданған.  Ашық деректерде, мектептің 1936 жылы және 1958 жылдары салынған ғимараттарда орналасқаны жазылады. Былтыр 19 қыркүйекте қаланың әкімдігі «Шаңырақ» мектебіне жөндеу жұмыстары қажет болғанына байланысты оқушылардың басқа ғимаратқа уақытша көшірілгенін хабарлаған еді.

Azattyq Ruhy ақпараттық агенттігі мектептің жөндеу жұмыстарының аяқталған, аяқталмағанын білу мақсатында Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Риддер қаласы бойынша білім бөліміне» ресми сауал жолдады.

Шығыс Қазақстан облысындағы қазақ тілді мектептердің аздығы ірі орталық Өскемен қаласында да білінеді.

Облыстың білім басқарамасының дерегінше, Өскеменде барлығы 48 мектеп болса, оның 12-сі қазақ тілінде, ал 16-сы орыс тілінде білім береді екен. Аралас тілді 20 мектеп бар. Қалада қазақ ұлтының үлес салмағы 52 пайызға тең екенін атап өтейік.