Ұлыбиритания медицина қызметкерлерінің салғырттығынан АИТВ жұқтырғандарға өтемақы төлемек

Темірхан Айжан

Медицина саласындағы шенеуніктер мұны білсе де, жылдар бойы жасырын ұстаған

Ұлыбиритания медицина қызметкерлерінің салғырттығынан АИТВ жұқтырғандарға өтемақы төлемек
Фото: Istockphoto

Ұлыбритания медицинасындағы үлкен былықтардың бірі ашылды. Ондаған жылдар бойы шенеуніктер адамдар арасындағы қауіпті вирус жұқтыру деректерін жасырып келген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy DW-ге сілтеме жасай отырып.

Бұрын судья қызметін атқарған Брайан Лангстафтың басшылығымен жасалған зерттеудің нәтижесінде 1970-1990 жылдары Ұлыбританияның 30 мың тұрғыны ауруханаларда қан құю кезінде иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) немесе С гепатитін жұқтырғаны белгілі болды. Олардың көбі ауруы асқынып, қайтыс болып кеткен.

Тергеу көрсеткендей, донорлық қанның бір бөлігі ауру адамдардан алынған. Мұны медицина саласындағы шенеуніктер білсе де, жылдар бойы жасырын ұстаған. Пациенттерге вирус жұқтырғаны туралы хабарламаған.

Зерттеу барысында 5000-нан астам куәгерден сұхбат алынып, 100 мыңға жуық құжатқа талдау жасалған.

Осыған байланысты Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунақ салғырттықтың кесірінен жапа шеккендерге, олардың отбасы мүшелеріне ақшалай өтемақы төленетінін айтты. Өтемақы төлеу үшін Ұлыбритания бюджетінен 10 миллиард фунт стерлинг (шамамен 11,7 миллиард еуро) бөлінеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.