Алматы облысында коронавирус жұқтырғандар саны 53-ке жетті
Бүгін Алматы облысында тағы 3 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Олардың үшеуі де Іле ауданына қарасты Өтеген батыр кентінің тұрғындары екен. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел мәлімдеді.
1967, 1975 және 1999 жылдары туған азаматтардан алынған анализ нәтижесі оң болып шыққан. Қазір оларды Қарасай аудандық орталық ауруханасының инфекциялық бөліміне жеткізу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Аталған үш науқас 232 адаммен байланыста болған. Нақтырақ айтқанда, үй ішінде – 13 адаммен, жұмыста және үйден тыс жерде 219 адаммен жақын араласқан.
«Науқастармен байланыста болған адамдардың барлығы қазір дәрігерлердің бақылауына алынды. Алматы облысында коронавирус жұқтырғандар саны 53 адамға жетті», - деді Ғалымұрат Жүкел.
Бүгінге дейін Алматы облысында қауіпті індеттен 9 адам жазылып шықты.