Павлодарда жалған парақша ашып, ақша бопсалаған үш азамат сотталды
Сот қылмыстық істі қысқартылған тәртіпте қарады
Павлодарда үш жас азамат танысу қосымшасына кіріп, қыз баланың атынан жалған парақша ашқан. Сөйтіп қызбен танысуға келген жігітті бопсалап, оның атына бірнеше несие рәсімдеген. Оларға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Танысу қосымшасында 16 жасар Сәбина деген қызбен виртуалды танысқан павлодарлық жігіт алаяқтардың құрығына түсіп қалды. Белгілі болғандай, әлгі жалған парақшаны үш жас азамат құрып, қаскүнемдік ойларын жүзеге асырмақ болған.
«Үшеуі әлгі парақшаны Сәбина Ахметова деген жалған никпен тіркеген әрі иесі жоқ ұялы телефон нөмірін енгізген. Жас қыздың суреті павлодарлық азаматтың құмарлығын тудырған болуы керек. Ол әлгі нөмірге жазып, қызбен танысқан. Кейін интимдік тақырыпта әңгіме жүре бастаған. Жалған қыздың атынан хат жазысып жүргендер жігітті Қамзин көшесіндегі үйдің сыртына кездесуге шақырған. Кездескен сәтте олар өздерін қыздың ағасымыз деп таныстыра отырып, кәмелет жасына толмаған қарындасымызды ренжіттің, сол үшін сенің үстіңнен полицияға шағым түсіреміз деп қорқытқан. Дейтұрғанмен мәселені шешудің өзге жолы бар екенін айтып, одан ақша талап еткен. Амалы құрыған жігіт оларға тап сол сәтте несие рәсімдеген және депозитіндегі барлық ақшаны шешіп берген. Жалпы сомасы - 210 мың теңге. Алайда әлгі үшеудің бірі екінші күні зардап шегушіге тағы келіп, құны 260 мың теңге тұратын қымбат сағатты несиеге сатқызып алғызған. Онымен қоймай арада екі күн өткенде қаскүнемдер 65 мың теңгеге шағын несие рәсімдеуге мәжбүр еткен», деп хабарлады Павлодар қаласының №2 сотынан.
Сот қылмыстық істі қысқартылған тәртіпте қарады. Айыпталушылар жасаған қылмыстарын толықтай мойындарына алды. Сот үшеуіне де 3 жылға бас бостандығынан шектеу түрінде жаза тағайындады.