Қапшағайда пикник ұйымдастырған 5 азамат ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Пикникке қатысқан бес ересек азаматқа қатысты әкімшілік материал толтырылды

фото: polisia.kz

Алматы облысының полиция өкілдері карантин кезінде пикник ұйымдастырған бір топ Қапшағай қаласының тұрғынын ұстады. Қапшағай қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері оларға төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін әкімшілік материал толтырды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

«Кеше кешке патрульдеу кезінде халық арасында «Картодром» деп аталатын жұмыс істемейтін кәсіпорындардың бірінің аумағынан шыққан қатты музыка біздің назарымызды өзіне бірден аударды. Қоршау ішіне кіргенде музыка даусын қатты қосып, көңіл көтеріп жүрген бір топ жасты көрдік. Арасында балалар да бар. Төтенше жағдай кезінде іс-шараларға жаппай тыйым салынғанына қарамастан, бұл жерде туған күн тойлап жатқаны белгілі болды. Тәртіп бұзушылар өз кінәсін түсініп, шараны ұйымдастырушы кешірім сұрады», - деп хабарлайды патрульдік полиция взвод командирі Диас Айнақұлов.

Полиция қызметкерлері ұйымдастырылған пикникке қатысқан бес ересек азаматқа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабына сәйкес әкімшілік материал толтырып, оны сотқа жолдады.

«Қапшағай қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері карантин жарияланған уақыттан бастап төтенше жағдай режимін бұзған 139 фактіні анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде алты заңды тұлға да бар. Сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 478-бабында көзделген төтенше жағдай кезінде құқық тәртібін бұзуға итермелейтін бір іс-әрекет те анықталды»,- деп толықтырды Диас Айнақұлов.