Қазіргі уақытта бірқатар сот-медициналық сараптама тағайындалды
Семейде жүргізушінің қызыл түске өтіп кетуі салдарынан жол апаты болып, 7 адам зардап шекті. Бұл туралы Абай облыстық ПД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департаменттің хабарлауынша, ГАЗель жүк көлігінің 38 жастағы жүргізушісі Ибраев көшесі мен Қайым Мұхамедханов даңғылының қиылысында бағдаршамның қызыл түсіне түсіне өтіп кеткен. Соның салдарынан ол Toyota Highlander көлігімен соқтығысты.
Осыдан кейін ГАЗель инерциямен тағы екі «Ваз 2109» және «Lexus RX 300» көліктеріне соғылды. Жол-көлік оқиғасынан барлығы 7 адам ауруханаға түсті.
«Қазіргі уақытта бірқатар сот-медициналық сараптама тағайындалды. Соның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Жол апаттарын болдырмау, жақындарыңыз бен туыстарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында әрбір жүргізушіге жолда мұқият болуға және жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтауға кеңес береміз», - делінген хабарламада.