Өңірде 65 адамның коронавирусты жұқтырғаны тіркелген
Жамбыл облысының Тараз қаласында коронавирус инфекциясын жұқтырған төрт адам анықталды. Бұл туралы Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы хабарлады.
Науқастардың төртеуі де өздеріне дейін вирусты жұқтырған адамдармен байланыста болған. Карантиндік стационарға жатқызылған кезде ПТР зерттеуге алынған анализ нәтижесі олардың коронавирусты жұқтырғанын көрсетті.
«Науқастар жұқпалы аурулар стационарына жатқызылды. Олармен байланыста болған адамдарды, вирусты жұқтыру жағдайын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауру ошақтарында эпидемияға қарсы шаралар жүргізілді», - делінген хабарламада.
Өңірде 65 адамның коронавирусты жұқтырғаны тіркелген, олардың ішінде: Тараз қаласында ‒ 15, Байзақ ауданында ‒ 3, Жамбыл ауданында ‒ 4, Қордай ауданында ‒ 33, Меркі ауданында ‒ 2, Мойынқұм және Шу аудандарында бір-бір адамнан анықталған. Сондай-ақ, Дели ‒ Тараз рейсінің жолаушыларының ішінде 6 адамнан табылған.
21 сәуірдегі жағдай бойынша 11 адам сауығып шыққан және қазіргі таңда дәрігерлердің бақылауында үй карантині режимін сақтап отыр.
Жұқпалы аурулар стационарында 50 адам емделіп жатыр.