Бақытжан ағасына сеніп қалды - Байжановтың әйелі сөз сөйледі

Темірхан Айжан

Айнұр Күлдеева күйеуінің Бишімбаевтың сөзіне сеніп, жедел-жәрдем шақырмағанын айтты

Бақытжан ағасына сеніп қалды -  Байжановтың әйелі сөз сөйледі
Фото: видеодан кадр

Сот отырысына Бақытжан Байжановтың әйелі Айнұр Күлдеева келіп, сөйледі. Ол сот пен алқабилерден балаларын әкесінен айырмауды сұрады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

«Салтанаттың ата-анасына, бауырларына қайғыра көңіл айтамын. Мен әйел баласына қол көтеруге түбегейлі қарсымын. Ал, адам өлтіру деген өте қорқынышты көрініс. Бақытжанмен 2016 жылдан бері заңды некедемін. 2 ұлымыз, жеті айлық қызымыз бар. Екі күн бұрын балам «әкем қайда» деп сұрады. Мен оған не дерімді білмедім. Ұлым әкесінің қайда екенін, не істеп жүргенін білмейді. Бақытжан екеуміз үйленгелі бір-бірімізге қатты дауыс көтерген емеспіз. Бақытжан өте тәрбиелі, қамқор, жұмысына адал, жақындарына көмек қолын созып жүреді», - деді ол.

Айнұр Күлдеева күйеуінің Бишімбаевтың сөзіне сеніп, жедел-жәрдем шақырмағанын айтты.

«Ол сол күні Салтанаттың қандай қиын жағдайда екенін түсінбей қалды. Ағасының сөзіне сеніп, ұйықтап жатыр деп жүре берген. Бишімбаев оның ағасы әрі бастығы. Сондықтан жұмысшы ретінде бастығына еш сұрақ қоймай, тапсырмасын орындаған. Бақытжанның аңқаулығынан, ағасына деген құрметінен, Салтанаттың жалаңаш түріне мән беріп қарамауынан жазықты болып отыр. Оны жазықсыз жазаламасаңыздар екен. Бақытжан біреудің отбасының проблемасына араласып, ақыл айту ойында болмаған. Ол ағасының отбасына араласуды шектен шығу деп есептейді. Күйеуімнің қателігі – Салтанатқа дер кезінде көмек бере алмауы, жедел-жәрдемге ертерек хабаспауы, ағасының сөзіне сеніп бейқамдық танытқаны. Бұл біздің отбасымызға берілген үлкен сынақ. Кешірім сұраймыз. Бұл сотта тек Бақытжанның емес, біздің отбасымыздың тағдыры шешіледі. Балаларымды әкесінен ажыратпауларыңызды өтініп сұраймын», - деді Байжановтың жұбайы.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.