22 адам ауруханаға түсті
Пәкістанның солтүстігіндегі Гилгит-Балтистан аймағының Диамир округінде жолаушылар автобусы жыраға құлап, 15 адам қаза тапты. Тағы 22 адам жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Синьхуа хабарлағандай, автобус қатты бұрылыс кезінде сайға құлаған.
Полиция мен құтқарушылар оқиға орнына келіп, жақын маңдағы ауруханаға 15 мәйіт пен 22 жараланған адамды, соның ішінде балалар мен әйелдерді жеткізді.
Гилгит-Балтистан бас министрінің баспасөз хатшысы Файзулла Фарак қаза тапқандардың саны артуы мүмкін деп алаңдап отыр, өйткені жараланғандар ішінде жағдайы ауыр адамдар бар, ал кейбір жолаушылар автобустан әлі шығарылмаған.
Баспасөз хатшысы автобус елдің шығысында орналасқан гарнизондық Равалпинди қаласынан Хунза ауданына бара жатқанын айтты.
Полицияның алғашқы есебінде апат жүргізуші бұрылыста жылдамдықты арттырып, автобусты басқара алмауынан болған деп айтылған.