Ақтөбеде үшінші қабаттан секірген келіншектің суицид жасамақ болғанына жақындары сенбейді

Автор: Azattyq Rýhy

Ал 22 жастағы тұрғын аман қалды

Фото: Polisia.kz

Ақтөбеде 22 жастағы келіншек үшінші қабаттан құлап кетті. Алғашқыда ол суицид жасады деген ақпарат тараған. Алайда жақындары бір баласы бар әйелдің мұндай қадамға барғанына сенбейді. Олардың айтуынша, оны биіктен секіруге мәжбүрлеген немесе бәз біреулер итеріп жіберген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Мұны оқиға куәгерлері де растауда. Қазір үшінші қабаттан құлаған науқас ауруханада жатыр. Әзірге оқиғаның қалай болғанын тергеушілерге айта алмайды.

Жас келіншектің өздігінен мұндай қадамға барғанына ата-анасы сенбейді. Сол күні түн ортасында үйдегілерге хабарласып, такси шақыртып беруді сұрапты. Артынша тек дыбыссыз аудио жазбалар ғана жіберіп отырған.

«Оның үш жастағы баласы бар. Өмірден баз кешетіндей, өздігінен биіктен секіретіндей адам емес. Қасында болған танысы бұрын сотталған», - деді келіншектің анасы.

Куәгерлер Аннаның осы үйге танысымен кешкі сағат жеті шамасында келгенін айтады. Түнделетіп пәтерге тағы бір еркек кірген. Келіншек құлағанда бірі жанында қалып, екіншісі қашып кетіпті.

Келіншектің қасында болған екі ер адам қазір тергеліп жатыр. Осы оқиғаға қатысты іс қозғалған.

Тәртіп сақшылары келіншектің биіктен өзі құлағанын не мәжбүрлегенін сараптамадан соң нақты айтамыз деп отыр.

Ал 22 жастағы тұрғын аман қалды. Жамбасы, білек сүйектері сынған. Ота жасалып, бір күн жансақтау бөлімінде жатты.