Бишімбаев ісі: белгісіз біреулер судья Айжан Құлбаеваны қорқытқан

Автор: Темірхан Айжан

Қазір аталған фактілерге байланысты Астана қаласының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады

Фото: видеодан кадр

Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың ісіне төрелік етіп отырған судья Айжан Құлбаеваға белгісіз адамдар қоңырау шалып, қорқытып, үркіткен, әртүрлі хабарламалар жібере бастаған. Бұл туралы Жоғарғы Сот мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қазір аталған фактілерге байланысты Астана қаласының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

«Қылмыстық кодекстің 407-бабының 1-бөлігі «Сот төрелiгiн жүзеге асыруға кедергi жасау мақсатында соттың қызметiне араласу» бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Судьяның жеке басының қауіпсіздігі қамтамасыз етілді», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, полиция интернет кеңістігіне мониторинг жүргізіп, судьяға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық іс-әрекеттері бар көптеген жағымсыз жарияланымдар анықтаған.

«Тексеру іс-шараларының нәтижелері бойынша тергеу органы Қылмыстық кодекстің 411-бабының 1-бөлігі «Судьяға жала жабу» бойынша қылмыстық іс қозғады. Заң кез келген адамға сот төрелігін жүзеге асыру процесіне, оның ішінде судьяның атына жала жабу немесе қорқыту сипатындағы материалдарды жариялау жолымен, ықпал етуге тыйым салатынын ескертеміз», - деп жазды Жоғарғы соттан.