Бишімбаев соты: Байжанов телефон соққан дәрігер Салтанаттың өлімі туралы тың мәлімет айтты

Автор: Темірхан Айжан

Куәгер Байжановқа мүсәтір спиртін алу туралы кеңес бермегенін айтты

видеодан скриншот

Сот отырысында куәгер ретінде дәрігер Ерсұлтан Сәрсенбаевтан жауап алынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

Бұған дейін Бақытжан Байжанов Нүкенова қаза тапқан күні дәрігерге қоңырау шалғанын айтқан болатын.

Байжановтың сөзінше, ол дәрігерден «мас адамның ұзақ ұйықтауы қалыпты ма?» деп сұраған.

«Мен нарколог емес екенімді айттым. Бірақ алкогольден мас болудың қауіпті екенін ескерттім, сондықтан жедел-жәрдем шақыруға кеңес бердім», - деді куәгер.

Байжановтың адвокаты одан «Байжановқа мүсәтір спиртін ал деген сіз бе?», деп сұрады. Куәгер оны жоққа шығарды. Содан кейін адвокат Бишімбаевқа сұрақ қойды:

«Сіз осы уақытқа дейін осы дәрігер, яғни, Ерсұлтан Сәрсенбаев мүсәтір спиртін алуға кеңес берді» дедіңіз. Бұны қалай түсіндіресіз?», - деді.

Бишімбаев оған дәрігердің өзіне тікелей емес, Байжанов арқылы айтқанын жеткізді. Бақытжан Байжанов Бишімбаевтың сөзін теріске шығарды.

«Мен мүсәтір спиртін түскі 13.27 кезінде алып келдім, ал Ерсұлтанға сағат 15.33 шамасында хабарластым. Сондықтан бұл жерде ешқайдай қисын жоқ», - деді Байжанов.