«Бөлмені жинамадың деп сабаған»: Ақтөбеде егіздің сыңарын өлтіргендер мектеп оқушылары ма

Автор: Сымбат Ғалымжан

Полиция екі оқушының қамауға алынғанын растады

Фото: mgorod.kz

11 сәуір күні Есет батыр атындағы олимпиадалық резервтегі Ақтөбе облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің 8-сынып оқушысы, 14 жастағы Бексұлтан Әбубәкір аяусыз соққы салдарынан мерт болды. Жас спортшының өліміне байланысты бірден үш қылмыстық іс тергеліп жатыр. Полицияның хабарлауынша, күдікті ретінде екі оқушы қамауға алынған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy «Мой город» басылымына сілтеме жасай отырып.

«Аталған мектеп оқитын екі бала уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сараптама тағайындалды», - деп хабарлады полиция департаменті.

Естеріңізге сала кетейік, 11 сәуірде Есет батыр атындағы Ақтөбе мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде қайғылы оқиға орын алды. Сегізінші сынып оқушысы есінен танып, жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Спорт мектебі басшылығының хабарлауынша, жігітке бапкері алғашқы көмек көрсетіп, аман алып қалуға тырысқан, қолынан келмеген соң 103 бригадасын шақырған.

Мектепте төбелес болғандығы туралы марқұмның туыстары әлеуметтік желіде хабарлаған. Желіде өзін марқұм спортшының ағасымын деп таныстырған азамат Бексұлтанды ұрғандар бөлменің шашылып жатқанына ашуланған.

«Менің інім Бексұлтан Әбубәкірді орта мектеп оқушылары ұрып өлтірді. 11 сәуірде кешкі уақытта өзінен үлкендер бөлменің жиналмағаны үшін жазаламақ болған. Төбелес кезінде Бексұлтанды алдымен тоғызыншы сынып оқушылары ұрып-соққан. Содан кейін оныншы сынып оқушысынан бетке екі соққы, ал кеудеге бірнеше соққы болды. Қатты соққыдан ол еденге құлап, есінен танып қалды. Бексұлтан ұрып-соғудан қайтыс болды», - дейді ағасы. 

Бексұлтан егізі Ерсұлтанмен бірге 8-сыныпта олимпиадалық резерв мектебінде оқитын.

15 сәуірде Ақтөбе облысының полиция департаментінде Есет батыр атындағы спорт мектебінің тәрбиеленушісінің қайтыс болу фактісі бойынша адам өліміне соқтырған бұзақылық, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактілері бойынша, сондай-ақ міндеттерге жосықсыз қарауына байланысты спорт мектебінің педагогтары мен басшылығына қатысты үш қылмыстық іс тергеліп жатқаны туралы хабарланды.