Өңірде тағы 4 адамның коронавирус инфекциясын қалай жұқтырғаны анықталды
Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 4 адам туралы ақпарат жариялады.
Науқастардың барлығы Қызылорда қаласынан анықталған. Ауру жұқтырғандардың екеуі – 40 жастан асқан әйел адамдар, қалған екеуі – 24 және 54 жастағы ер адамдар.
«Науқастар коронавирус инфекциясымен ауырған адамдармен байланыста болып жұқтырған. Зертханалық сынамалар алынып, ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері бойынша COVID-19 диагнозы анықталды. Қазіргі таңда науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталуда. Олар дер кезінде медициналық бақылауға алынып, оқшауланып, тексерістен өтіп жатыр», - делінген хабарламада.
16 сәуірдегі жағдай бойынша өңірде қауіпті індетті жұқтырғандардың саны 131-ге жетті. Оның ішінде емделіп шыққандар саны – 4, ем қабылдап жатқандар саны – 127.