Ұялы телефон заңды иесіне қайтарылды
Түркістан облысының полицейлері ұялы телефон ұрлаған абысынды ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар аудандық полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғын арызданады. Ол өз арызында үйінде мұздатқыштың үстіне қойған ұялы телефонын белгісіз біреу алып кеткенін айтқан. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 100 000 теңгені құрады. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша тіркелді.
«Аталмыш ұрлық фактісін ашу мақсатында аудандық полицейлер шұғыл әрекетке кірісті. Тәжірибелі полицейлерден жедел тергеу тобы құрылып, қажетті іс-шаралар жүзеге асырылды. Нәтижесінде, ұрланған ұялы телефон құпия сандары арқылы табылып, күдіктінің жеке тұлғасы анықталды», - делінген ПД хабарламасында.
Ұялы телефонды ұрлаған жәбірленуші әйелдің туысы, яғни абысыны болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай ол материалдық пайда табу мақсатында ұялы телефонды ұрлап, өзі қолданып жүрген. Айғақты зат ретінде алынған ұялы телефон заңды иесіне қайтарылды. Аталған дерек жәбірленуші әйелдің кешірім беруіне байланысты қысқартылған.