Каспий теңізінде заңсыз балық аулаған 4 әзербайжандық ұсталды – ҰҚК

Автор: Azattyq Rýhy

Ұсталған азаматтардан Ф-1 қол гранатасы тәркіленді

фото: facebook.com/knbgovkz

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті 11 сәуірде балықтарды қорғау бойынша «Бекіре» атты акция шеңберінде Каспий теңізінде заңсыз балық аулап жүрген Әзербайжан елінің 4 азаматын ұстады. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

Тексеру барысында ұсталған азаматтардан балық аулауға арналған құрал-жабдықтар, сондай-ақ Ф-1 қол гранатасы тәркіленді.

«Тұлғаларға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (қару-жарақтарды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарғыш құралдарын заңсыз алу, беру, қолға түсіру, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) 3-бөлігі 287-бабы және «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз бұзу» туралы 392-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», - делінген хабарламада.

Тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.