Ақмола облысында жантүршігерлік жол апаты болып, бір адам көз жұмды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды

Фото: Ақмола облысы ПД баспасөз қызметі

Ақмола облысында жантүршігерлік жол апаты орын алып, бір адам қаза тапты, тағы үшеуі зардап шекті. Бұл туралы Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Департаменттің мәліметінше, 18 наурызда сағат 07:00 шамасында Екатеринбург-Алматы тас жолының 1346 шақырымында Астанаға қарай бағыт алған Hyundai Sonata көлігінің 30 жастағы жүргізушісі өзімен қатар келе жатқан «ГАЗель» жүк көлігімен соқтығысты. 

«Апат салдарынан Hyundai Sonata-дағы жолаушы қаза тапты. Тағы үш адам жарақат алды: олардың екеуі Hyundai Sonata-ның жолаушысы және 37 жастағы «ГАЗельдің» жүргізушісі. Жол қозғалысы ережелерін немесе көлік құралдарын басқарған адамдардың көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды. Сараптама тағайындалды», - делінген хабарламада.

Аталған жол апатына байланысты полиция барлық көлік жүргізушілерінен жолдарда өте сақ болуды және жолға шықпас бұрын жақсылап демалып алуды ескертті.