Қазіргі уақытта ғимараттар мен құрылыстардың бұзылу-бұзылмауын тексеру жұмыстары жалғасып жатыр
Алдағы күндері Алматыда жойқын жер сілкінісі болмайды. Сейсмикалық бақылау мен зерттеу Ұлттық ғылыми орталығының сейсмикалық жағдайды бағалау жөніндегі комиссиясы болжамның дәл келуі –70 пайыз деп бағалады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Операциялық сейсмикалық деректерді талдай отырып, комиссия 2024 жылдың 4 наурыз күні 12 сағат 20 минутта Алматы болжам жасау полигонында сейсмикалық жағдай тұрақты екенін атады.
Бүгін сағат 11:22-де (Гринвич бойынша) Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында тіркелген жер сілкінісінің магнитудасы Мрv=6.1, MSK-64 шкаласы бойынша Алматыда 5 балл, эпицентрде 5-6 балл болды. Комиссия жер сілкінісінен соң думпулер қайталануы мүмкін екенін айтады.
«Жоғарыда аталған комиссияның шешімі негізінде ТЖД тұрғындарды тұрғылықты жерлеріне қайтаруға болады деп санайды», - делінген хабарламада.
Сонымен ТЖМ Алматыдағы жер сілкінісіне байланысты мынадай деректермен бөлісті:
«Жедел желі» телефон желісіне ақпараттық сипаттағы 128 қоңырау түсті. Төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес күштер мен құралдар әзірлікке келтірілді.
Қазіргі уақытта ғимараттар мен құрылыстардың, жол инфрақұрылымының, гидротехникалық құрылыстардың және т.б. бұзылу-бұзылмауын тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.
Халықты қабылдау пунктеріне 1329 адам жүгінді.
Алматының аудан әкімдіктері ұсынған ақпаратқа сәйкес, қалада 384 қабылдау пункті құрылды: 229 мектеп пен 115 балабақша, 15 ЖОО, 20 колледж және 5 стадион.
Аудан әкімдіктерінің қызметкерлері жиналу орындарында. Полиция департаменті қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Халықты қабылдау пункттерінде 371 адам, оның ішінде 39 бала бар. Алматы қаласының білім беру мекемелерінде сабақтар тоқтатылды.
Тіршілікті қамтамасыз ету объектілері, сондай-ақ әуежай мен теміржол вокзалдары штаттық режимде жұмыс істеуде. Метрополитеннің жұмысы уақытша тоқтатылды.
Авторы: Айжан ТЕМІРХАН